ХХ ғасырдың басында қазақ халқы азаттық жолына түсіп, жер жүзінде өзінің орны бар ұлт екендігін көрсетті - М. Қойкелді

АЛМАТЫ. Ақпанның 22-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Жарық көріп отырған бұл кітапта Алаш қайраткерлерінің үстінен жүргізілген сот үдерісіне байланысты материалдар жинағы бар. Ә.Бөкейханның 7 томдық кітабының тұсаукесер рәсімінде тарих ғылымдарының докторы М. Қойкелді осылай айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

М. Қойкелдінің сөзіне қарағанда, Алаш қозғалысы 1920-1930 жылдармен аяқталмай, Алаш идеясы кейін де жалғасқан. «Мәселен, 1950 жылдың басында Қазақстан бойынша репрессиялар толқыны жүріп өтті. Бұл кезде қуғын-сүргінге ұшырағандар шығармашылық адамдары болатын. Оларға да Алаш идеясын жалғастырдың деген айып тағылған. Ал Бөкейханның 7 томдығы керемет жаңалық, дегенмен оның жалғасы болуы тиіс. ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық көтерілісі, Алаш қозғалысы, репрессияға байланысты материалдар жарық көрсе, біз ХХ ғасырдағы қазақ халқының басынан өткен зобалаңды терең, ауқымды, толық түсінуге мүмкіндік аламыз», деді ол.

Сондай-ақ ол кезінде бізді ұлт, мәдениет ретінде сөндіру жұмыстары жүргізілгендігін айтады. «ХХ ғасырдың басында қазақ халқы азаттық жолға түсіп, жер жүзінде өзінің орны бар ұлт екендігін көрсетті. Міне осы жолды, күресті бастаған алыптар шоғыры болды, қазақ ұлтының жаңғыру үрдісінің шоғырын бастаушысы, Алаш автономиясын жариялап, Алашорда үкіметін құрып, осы мемлекеттің жаңғыруына үлесін қосқан бірегей тұлға - Әлейхан Бөкейхан болды. Ә.Бөкейханның орны лидер ретінде ерекше. Біз егерде ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысын білгіміз келсе, танығымыз, мойындағымыз келсе, сол арқылы өзіміздің көшімізді түзегіміз келсе, онда ең алдымен Бөкейхановты түсінуіміз керек. Біз сол арқылы ұлт-азаттық күресті түсінеміз. Біз өкінішке орай, ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының тарихын толық түсінген жоқпыз, толық қорытып, бойымызға сіңіре алған жоқпыз. Бізде тарих жазылмай жатыр деп көп айтады, оның бәрі бекер сөз. Тарих жазылып жатыр, оны қорыту үрдісі жүріп жатыр», деді М. Қойкелді өз сөзінде.