ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында Ассамблея миссиясы кеңейе түседі - М. Тәжин

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - ХХІ ғасырдың екінші онжылдығындағы Ассамблея миссиясы кемімейді, қайта кеңейе түседі. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай мәлімдеді.

«Егер қысқаша айтсақ, Ассамблеяны ұлттар мүдделеріне өкілдік ететін жалпыұлттық саяси емес орган деп атауға келеді. Бұл ретте Елбасы қоғамдық келісімді полиэтникалық халықтар бірлігінің, мемлекеттің, азаматтық қоғам институтының, саяси партиялар мен діни конфессиялардың өміріндегі ең негізгі тұтқа ретінде айқындаған болатын», - деді М. Тәжин. Сонымен қатар, Елбасы тарапынан «Нұр Отан» партиясының доктринасы қабылданған жиында берген тапсырмаларына тоқтала келе, Мемлекеттік хатшы Ассамблея Президент айқындаған бағдарды жүзеге асыруда басты рөл атқаратынын атап өтті.

«Партия доктринасы бойынша Президент тапсырмасында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отанның» бірлескен өзара іс-қимылдары да айқын көрсетілген. Сондықтан да, даму кезеңінің жаңа сатысында ҚХА барлық мүшелерінің, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің Елбасы белгілеген міндеттерді шешуге жұмылуы маңызды. Осыған байланысты Ассамблея қолдауымен барлық өңірлерде қоғамдық кеңестер құрылды. Бұл кеңестер аясында азаматтық қоғамды интеграциялау қажет. Менің ойымша, бұл кеңестерді өңір әкімдері өздері басқаруы және сол бағыттағы жұмыстарды дұрыс жолға қоюлары керек. Бұл ретте кеңестердің қызметіндегі маңызды функциялардың бірі өңірлік деңгейдің барлық салаларында медиация институтын жан-жақты дамыту және осы үдеріске үкіметтік емес ұйымдарды жан-жақты тарту болып табылады», - деді М. Тәжин.