ХХIV республикалық Абай оқулары басталды

Фото: e-history.kz
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Бүгін Абай облысында ХХIV республикалық Абай оқулары басталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Абай мен Шәкәрім кесенелерінің мұражай-кешені базасында еліміздің барлық өңірінен 130-дан астам оқушы жиналды.

Жарысқа қатысушылар «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілімді ұғады», «Жүйрік он жүйрік озар жарысқанда», «Ұлы» атты алты номинация бойынша бақ сынайды.

Басты шарт – оқушылар ақындардың барлық шығармаларын жатқа білуі қажет.
«Айта кетсек, қазылар алқасы қатысушылардың Абайдың қарасөздерін толық білуі, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай және Мағауия Абайұлдарының шығармаларын жатқа оқуын бағалайды. Сондай-ақ ақындардың рухани болмысына эссе жазу, шығарма мәтіндерін мәнерлеп айту, толық білуі бойынша бірнеше критерий қолданылады», - делінген министрлік мәліметінде.
Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және грамоталарымен, сонымен қатар естелік сыйлықтарымен марапатталады.


Абай Құнанбаевқа арналған шығармашылық байқау үш күнге созылады. Салтанатты марапаттау рәсімі 10 тамызда Жидебайда «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің базасында өтеді.