Бұл пікірін бүгін Агенттік тілшілеріне берген сұхбатында «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов білдірді.
Ә.Бәйменов, бүгін Қазақстан жастарының арасында етегін кеңге жайып бара жатқан пәренжі салып, хиджаб кию үрдісіне қатысты өз ойын білдіре келе: «Балиғатқа жасы толған адамның өз еркімен таңдау құқығы болу керек», - дегенді айтты. «Бірақ кейбір дәстүрлердің, атап айтқанда, араб, парсы елдері дәстүрлерінің ислам дініне қатысы жоқ екендігін ұмытпауымыз қажет. Кезінді ислам дінін уағыздаушылар өз елінің дәстүрін де қоса алып келген. Қазір оған жол беруге болмайды. Онымен бірге, орамал тартудың да түрлі тәсілдері бар. Міндетті түрде тұмшалап жауып алудың қажет жоқ деп ойлаймын», - деді ол.
Ә.Бәйменов бір мезгілде, исламның тура жолын ұстанып жүрген қыз-келіншектерге орамалды тартуға мүлдем тыйым салуға болмайтындығын айтты. Бұл ретте Қазақстанға ислам киімдерінің қазіргі заманға сай сан алуан үлгісін жасап, шығарып отырған елдерден үлгі алуға шақырды.