***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жаңа министр тағайындалды» атты мақала жарияланды. «Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігінде болып, ұжымға жаңа тағайындалған Сыртқы істер министрін таныстырды. Президенттің Жарлығымен сыртқы саясат ведомствосының басшысы болып Ержан Қазыханов тағайындалды»,-деп жазады газет. Мақалада аталғандай, ведомствоның жаңа жасшысын таныстыру барысында Елбасы министрліктің алдында тұрған таяу перспективадағы басым міндеттерді атап көрсетті. «Биылғы жылы үлкен істер күтіп тұр. Мамырдың бас кезінде үлкен экономикалық конференция, одан кейін Еуропалық қайта құру және даму банкінің форумы, ИКҰ СІМК саммиті, ШЫҰ мерейтойы өтеді. Сондықтан біз атқарар міндеттер жетерлік. ЕҚЫҰ саммитін өткізу барысындағы жұмыстарыңыз үшін сіздерге алғысымды айтқым келеді, деді Нұрсұлтан Назарбаев»,-делінген мақалада.
Бүгін - дүниежүзілік космонавтика және авиация күні. Осыдан дәл 50 жыл бұрын, 1961 жылы 12 сәуірдеадам баласы тұңғыш рет ғарышқа ұшты. Адамзат тарихындағы бұл ұлы жаңалық өзге емес, Қазақ жерінде «Жер кіндігі» - Байқоңырдағы ғарыш алаңынан орын алуы - аталған мерекенің Қазақстан халқы үшін қаншалықты мәртебелі, асқақ екендігін аңғару қиын емес. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында қазақтың осы қасиетті жері, Жердің тұңғыш ғарыш айлағы жайында жазылған «Жұлдызды жол Байқоңырдан басталды» атты көлемді мақала жарияланды. «Байқоңырдың іргетасы өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының аяғы мен елуінші жылдарының басында-ақ қаланды. Көп уақыт өтпей ғылыми-техникалық ізденістер қарқын алды. 1950 жылдың өзінде-ақ адам баласының ғарышқа ұшуына жол ашқан әйгілі ғарыш айлағы болып қалыптасты. Оның трассасы мыңдаған шақырымға созылып жатыр. Оның бір шеті сонау Тынық мұхитына барып тіреледі»,-делінген мақалада.
***
2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға Төрағалық етті. Әлем назарын аудартқан «Астана Саммитін» де сәтті өткізгені мәлім. «ЕҚЫҰ саммитінде қалыптасқан «Астана рухы» қаншалықты өміршең бола алады? Енді ЕҚЫҰ үштігінің мүшесі ретінде 2011 жылы Қазақстан қандай шаруалар атқармақ?» деген сауал әркімді де толғандырары сөзсіз. Осы орайда «Айқын» басылымы Австрия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахмановпен болған арадағы сұхбатты ұсынып отыр. «ЕҚЫҰ-дағы төрағалық Қазақстанның халықаралық өзекті проблемаларды шешудегі, аймақтық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлін едәуір арттырды. Бұған қазақ дипломатиясының халықаралық жанжал мен дағдарыстарды реттеу, еуропалық қауіпсіздіктің болашағы туралы диалогты («Корфу процесін») алға жүргізу, толеранттылық идеяларын насихаттау сияқты іс-шаралар және ең бастысы, ЕҚЫҰ саммитін жемісті өткізу аясындағы нақты жұмыстарды айқын көрсетті»,-деп жауап қайырады дипломат «Қазақстан ЕҚЫҰ-да белсенді ойыншы болып қала бермек» деген тақырыппен берілген сұхбатта.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әйелдерге арналған мұсылманша киім үлгілеріне байқау жариялады»,-деп жазады «Айқын» газеті «Хиджабтың орнын кимешек баса ма?» деп аталатын келесі мақаласында. «Діни басқарма жариялаған байқауға модельерлер өз киім үлгілерін ұсына алады. Өз кезегінде арнайы белгіленген комиссия киімдерді сараптаудан өткізіп, оның қаншалықты діни талаптарға сай келуімен қатар, ұлттық салт-дәстүрге сәйкестігін саралайды. Оңғар қажы Өмірбек бұл киім үлгілерінің арабтар мен парсылардың киіну мәдениетінен бөлек болуы мүмкіндігін жасырмайды. Тағы бір айта кетерлігі, діни басқарма өкілдері мектеп формаларының дұрыстығын айта келе, тек қыз балаларға діни талап бойынша шашты жауып қою үшін «беретка» сияқты баскиім мен тоқыма бұйымдарының қарастырылып жатқанын айтады»,-делінген басылымда.
«Алаш айнасы» газетінде «Жаңа Үкімет жасақталып жатыр» деген тақырыпта мақала жарияланды. Басылым Министрлер кабинетінде болған бірқатар ауыс-түйістер жайында құлақтандырады. Газетте жазылғанындай, Асылжан Мамытбеков Ауыл шаруашылығы министрі, Талғат Ермегияев Туризм және спорт министрі, Қайрат Келімбетов Экономикалық даму және сауда министрі, Ержан Қазыханов Сыртқы істер министрі, Ербол Орынбаев Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар Өмірзақ Шөкеев Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Әсет Исекешов Премьер-министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі лауазымдарына қайта отырды.
«Казахстанская правда» газетінде «Мы определили свое будущее, отдав свои голоса за Вас» деген тақырыппен жарияланған мақалада ҚР Президенті лауазымына сайлануына байланысты Елбасының атына қоғамдық ұйымдардан, бірлестіктерден және еңбек ұжымдарынан құттықтаулар мен ыстық ықыластар білдірілген хаттар толассыз келіп түсіп жатқаны жазылған. Газеттің жазуынша, осындай хаттар Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Алматы және Екібастұз қалаларынан, сонымен қатар ҚР ҰҒА академиктерінен, «Болашақ» стипендиаттарынан, ТҮРКСОЙ ұйымы ұжымдарынан келуде.