Хиллари Клинтон ресми түрде саясатқа оралды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Демократиялық партияның атынан АҚШ президенттігінен үміткер Хиллари Клинтон сайлау науқаны кезінде көтерген бастамаларын қолдау мақсатында жаңа саяси ұйым құратынын мәлімдеді. Мұндай мәлімдемені Клинтон дүйсенбі күні Twitter-дегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ТАСС.

Оның жаңа ұйымы Onward Together (Бірге тек алға) деп аталады.

«Onward Together ұйымын адамдардың жігерленіп, саяси үрдістерге қатысуына жағдай жасау мақсатында, сондай-ақ өз әрекеттерін үйлестіріп, тіпті сайлауда өз үміткерлігін ұсынулары үшін іске қосып жатырмыз», - деп жазды Клинтон.

Onward Together ресми сайтында оның мақсаты - сайлауда Клинтонға дауыс беріп, қолдау көрсеткен 66 млн адамның идеясын алға тарту, сондай-ақ жалпы «үдемелі құндылықтарды» қолдау екендігі жазылған. Бұрынғы мемлекет хатшысының сайлау науқаны Stronger Together ұранымен өткен болатын. Fox News телеарнасының бағалауынша, жаңа ұйымды құру дегеніміз «Клинтонның ресми түрде саясатқа оралуын» білдіреді.