«Химфарм» АҚ алдағы 3 жылда дәрі-дәрмек экспортын 30 пайызға дейін ұлғайтпақ

АЛМАТЫ. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Қараша айында Шымкент қаласындағы «Химфарм» АҚ-ның зауытында жаңа ампулдық-инфузиялық цехтың құрылысы аяқталады.

Бұл туралы компанияның бас директоры Влодзимирз Грыглеич кеше Алматыда GMP халықаралық сапа стандарты туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған ақпараттық-білім беру семинарында айтты.

Польшаның Santo Member of Polpharma Group фармацевтикалық компаниясына қарасты өндіріс орнында GMP халықаралық сапа стандарты бойынша жұмыс істеуі тиіс бұл цех іске қосылған кезде ампулалар өндіру көлемі 35-50 млн.-ға дейін ұлғаятын болады. Сондай-ақ зауыт қазіргі таңда 32 атаулы дәрі-дәрмек түрін шығарып жатса, ол 90-нан аспақ.

Бүгінгі таңда өндірген өнімдерінің 10 пайызын Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты көршілес шет елдерге экспорттап жатқан компания алдағы 3 жылда оны ең кемінде 30 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.