Хишам Белмааши: «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА жаһандық сауданы жандандырады
Дамудың мұндай қарқынымен арнайы экономикалық аймақ Қазақстанның экономикасын ғана емес, тұтас жаһандық сауданы дамытуға қауқарлы. Бұл туралы «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА бас операциялық директоры Хишам Белмааши Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісіне берген сұхбатта хабарлады.
«Соңғы жылдары «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА Қытай мен Орталық Азия, Еуропа елдерін байланыстыруда маңызды рөлге ие болуда. АЭА өзінің орналасуымен, жеткізу тізбегімен және біртіндеп Жібек жолы бойындағы индустриялық және логистикалық хабқа айналуымен инвесторлардың назарын аударған жоба болып отыр», - деді ол.
Оның айтуынша, таяуда «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА фабрикалар, түрлі тауарларды дистрибуциялауға арналған инфрақұрылым нысандары және ҚХР экспортталатын ҚР ауылшаруашылық өнімдеріне арналған ғимараттар мен карго-терминалдар құрылысын жоспарлауда.