Хит әндердің авторы Түркістанда мемлекеттік қызмет атқарады

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістанда ақиық ақын Мұқағалимен аттас мемлекеттік қызметші тұрады. Ол да ақын. Бүгінде жас Мұқағали мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерге жетіп жүр, сондай-ақ, шығармашылығын шыңдап келеді.

Мұқағали Кенжетайұлы жастайынан өнерге жақын болып өсті.

Туған жері Бәйдібек ауданында өнер мектебін бітірген соң М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Режиссура және актерлік өнер» кафедрасында білім алды.

Ал, еңбек жолын облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығында маман болып бастады. Қоғамдық даму басқармасында тәжірибесін шыңдады.

Содан мәдениет және туризм басқармасының мәдени іс-шаралар және шығармашылық үйірмелердің жұмысын үйлестіру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Мұқағали — мемлекеттік қызметпен қатар ақындықты жанына серік еткен азамат.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оның «Әке-Ана», «Менің мінезім», «Ырым», «Ессіз шақтың бір естелігі», «Жалғыздық» секілді өлеңдері көпшілік оқырманның жүрегінен орын алған.

Ал, «Жүрекпен сағынайын», «Көзіме қара», «Жүрек», «Жан досыма», «Түбінде жеңесің», «Әппағым» секілді әндерін Ақбота Нұр, Ғазизхан Шекербеков, Айгерім Қалаубаева, Заттыбек Көпбосынұлы секілді өнер жұлдыздары үлкен сахналарды орындап жүр.

Сондай-ақ, 2018 жылы Түркістан облысында тұңғыш рет сахналағанған «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің авторы.

Өлеңдері «Түркістан түлектері», «Тәуелсіздік тебіреністері», «Жаңа ғасыр әуендері» және тағы басқа да ұжымдық жыр жинақтарына енген.

— «Ақындық пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүру қиын емес пе? Өлең жазуға деген тоқырау болып жатқан жоқ па?» деп сұрайтындар бар. Тоқырау кез келген адамның бойында болатын дүние деп білемін. Бұған мемлекеттік қызметтің түк қатысы жоқ. Дегенмен, кейде жүктелген жұмысты атқарып жүріп, ойға келген орамдарды ойларды уақытылы жаза алмай қаламыз. Содан кейбіреуі қарбаласпен жүріп ұмытылып кетеді. Бірақ қандай қызмет болсын, шығармашылықтың, өлеңнің жөні, жолы бөлек. Онымен айналысуға кез келген жағдайда уақыт табылады, — деді ақын. 

Мұқағали қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып отырады. Одан бөлек, байқаулар мен мүшәйралардан жүлде алған кездері көп.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Атап айтар болсақ, Халықаралық «Кіл жүйрікте — кім жүйрік» өнер байқауының 1-орын иегері атанған.

Сондай-ақ, облыстық «Отан деп соққан жүректен», «Жырыма арқау болған жиырма бес», «Төріңді ұсын, Түркістан» атты жыр мүшәйраларының бас жүлде иегері және республикалық «Ауылым — алтын тұғырым» өнер бәйгесінің жүлдегері.

Сонымен қатар, Б.Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» алтын меделінің иегері, 2018 жылы «Жылдың үздік ақыны» номинациясымен марапатталды.

Ал, өткен жылы Түркістан облысының «Үздік жас мемлекеттік қызметкері» атанды.

Жас болса да бас болып жүрген азамат Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

— 2018 жылы Түркістан облыс орталығы болған кезде алғашқы көшпен бірге келдік. Өзім келіп орныққан соң отбасымды, ата-анамды көшіріп алып келдім. Менің де мемлекеттік қызметтегі алғашқы қадамым Түркістаннан басталды. Әр күн сайын біліктілігімді арттырып, тәжірибемді шыңдап келемін. Бүгінде Түркістан адам танымастай өзгерді. Президентіміздің тарихи Жарлығы көне қаланың ажары мен келбетіне, мәдениетіне ерекше өзгеріс алып келді. Қазіргі таңда Түркістанның жаңа бір дәуірі жүріп жатыр деп сеніммен айта аламын, — дейді Мұқағали Кенжетайұлы.

Жуырда Түркістан төрінде жас ақын «Мұқағали жолымен…» атты кеш өткізді.

Шығармашылық кешке Қазақстан Республикасының Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыстады. 

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Онда елімізге белгілі өнерпаздар ән айтып, өлең оқыды. Қаламынан жыр төгілген ақындар Қалқаман Сарин мен Мақпал Мыса кеш кейіпкерінің туындысынан бөлек, өз шығармаларын елге арнады.

Сондай-ақ Әлия Әбікен, Заттыбек Көпбосынұлы, Тоғжан Мұратова, Альбина Шардарова, Айгерім Қалаубаева, Жолдасбек Әбдіхан, Ақбота Нұр, Ғазизхан Шекербеков, Айнұр Бабаева, Асылжан Абдулла, Қуандық Рахым, Ғабит Шырынбеков, «Jana lep!» өнер ұжымы мен «Бисұлтан» би ансамблі өнер көрсетті.

— Әркімде әртүрлі мақсат болады ғой. Мен алдыма «Түркістанның тұрғынына айналамын» деген мақсат қойдым. Бір ұл, екі қызым бар. Солар осында өсіп жатыр. Әке-шешем емін-еркін жүрсін, қонақтарын еркін шақырсын деген ниетпен үлкен үйдің жобасын бастадық. Құдай бұйыртса үлкен шаңыраққа көшеміз. Жалпы Түркістанға бір күн үшін немесе қызмет үшін келген адам емеспін, — дейді Мұқағали Кенжетайұлы.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан