ХҚҚДБ Қазақстандағы Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасына 88 миллион доллар бөледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасын қаржыландыруға 88 миллион доллар бөледі. Бұл туралы бүгін Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.

Еске салайық, отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаевтың айтуынша, аталған клісімге 2015 жылдың 9-мауысымында қол қойылған.

«Біздің министрлік Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлесіп технологияларды коммерцияландыру жобасын жүргізген болатын, соның оң тәжірибесін жалғастыру мақсатында осы келісімге қол қойылды. Технологияларды коммерцияландыру бағытында таңдап алынған 65 жобаның ішінде 40 жоба дайын өнім шығару деңгейіне жетіп отыр. Жалпы сомасы 900 млн. теңгеден астам өнім сатып, қызметтер көрсетті. Сондықтан да халықаралық банк жобаны одан әрі жалғастыруға ниет білдіріп, 2016-2020 жылдары орындалатын Өнімді ынталандыру жобасын қаржыландыруға кіріспек», - дейді Тахир Балықбаев.

Оның айтуынша, Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасының басты мақсаты - жоғары сапалы әрі өзекті зерттеулерді орындау мен олардың нәтижелерін нарыққа шығару. Жоба бес бөліктен тұрады.
Тұтастай алғанда келісімге сәйкес, Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасын қаржыландыруға 88 миллион АҚШ доллары сомасында қарыз береді. Аталған қарыздың өтеу мерзімі бес жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 15 жылды құрайды. Төленуге тиісті біржолғы комиссия қарыз сомасының 0,25 пайызына тең.