ХҚҚДБ Қазақстанға 2 жобаны жүзеге асыру үшін 138,9 млн. доллар қарыз береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы» және «Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту» жобаларын қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімдерге қол қойылды.

Аталған құжаттарды бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Шебнем Аккая рәсімдеді. «Аталған жобалардың жүзеге асырылуы елдің жиі қоныстанған оңтүстік және оңтүстік-шыңғыс аймақтарындағы трансшекаралық өзен бассейндеріндегі ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық өмір сүру жағдайларын жақсартады. Институционалдық негіздерді нығайтуға әрі іске асырылып жатқан құқықтық реформаларды қолдауға бағытталған Қазақстанның құқықтық жүйесін әрі қарай жетілдіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Б.Сұлтанов қол қою рәсімінде. Сонымен ХҚҚДБ Қазақстан Республикасына ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасын қаржыландыруға 102,9 млн. және сот төрелігі секторын нығайту жобасын қаржыландыруға 36 млн. доллар көлемінде қарыз береді.