ХҚКО-лар жер қатынастары және архитектура мәселелері бойынша қызмет көрсететін болады - Әділет министрлігі

АСТАНА. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары алдағы уақытта жер қатынастары және архитектура мәселелері бойынша қызмет көрсететін болады.

Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі селекторлық кеңесінде ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда орталықтар қызмет көрсетудің 65 түрін ұсынып келеді. «Алдағы уақытта орталықтардың қызмет көрсету аясы кеңейіп, жер ресурстары және архитектура мәселелері бойынша қызмет көрсету жұмысы да осы орталықтарға берілетін болады», - дейді Р.Түсіпбеков.

Оның мәліметі бойынша, бүгінгі таңда республика аумағындағы халыққа қызмет көрсету оталықтарының жалпы саны 335-ке дейін жетіп отыр. Биыл осы салаға бөлінген республикалық трансферттердің көлемі 7 млрд. 836 млн. теңгені құрады.