ХҚКО-лардың қызметін жетілдіру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды

АСТАНА Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Үкіметтің бүгінгі селекторлық кеңесінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жетілдіру бойынша арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі кеңестің хаттамасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылады. Оған Әділет министрі Рашит Түсіпбеков басшылық етпек. Соңғы 3-4 айдың жұмысы және бүгін айтылған мәселелер бойынша маусымның 1-іне дейін халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жетілдіруге байланысты барлық ұсыныстарды менің қарауыма енгізуді тапсырамын. Халық тарапынан айытылып жатқан мәселелер өте көп. Біз оны жақсы білеміз», деді К. Мәсімов.

Үкімет басшысы атап өткендей, халыққа қызмет көрсету орталықтарына келген азаматтардың бүгінгі билікке деген көзқарасы қалыптасады. Сондай-ақ К. Мәсімов осы мәселе бойынша маусымның басында арнайы селекторлық кеңес өткізуді ұйғарды.