ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қалалық №2 соты полиция қызметкерлеріне Халыққа қызмет көрсету орталығында жарылғыш зат бар деп жалған хабарлама жасаған ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен жылдың 30 мамырында 102 каналына қоңырау шалған 39 жастағы қала тұрғыны Қазақстан көшесі 159/4 мекенжайында орналасқан ХҚКО-ға жарылғыш зат қойылғандығы туралы айтқан. Алайда бұл жалған хабарлама болып шықты. Осының салдарынан мемлекетке 75 439 теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген.
Тәртіп сақшылары күдіктіні бірден қолға түсіріп, тергеу амалдарын бастайды. Кейіннен оның ісі сотқа жеткен.
«Айыпталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығы шектелді», – деп хабарлады қалалық №2 соттың баспасөз қызметі.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.