ХОК Бразилияға Олимпиада-2016 өткізуге 1,5 мрд. доллар бөледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Бразилияға 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға 1,5 млрд. доллар бөледі. Бұл туралы ХОК басшысы Томас Бах мәлім етті, деп хабарлады комитеттің сайты деп жазады РБК.

«ХОК ойындарды өткізуге 1,5 млрд. доллар бөледі», - деп мәлімдеді ол.

«Бразилия әлем чемпионатын мақтаныш ете алады. Бұл турнир бразилия халқының құштарлығын көрсетті. <...> Мен ел президенті Дилма Руссефтің Олимпиадалық ойындар жөнінде айтқан сенімін құптаймын. Ол үшін Олимпиада ойындары басымдық болып табылатынын естігеніме қуаныштымын», - деді Бах.

Бразиялия билігі Олимпиада ойындары алдында Рио-де Жанейроның инфрақұрылымын жақсартуға 11 млрд. доллар бөлмек. Сонымен бірге көлік пен қоршаған орта саласындағы жобаларды дамытуға мемлекеттен де, жеке компаниялардан да қаржы тартылмақ. Рио-де-Жанейро мэрі Эдуарда Паэс Олимпиада қаланың кейбір ескі проблемаларын да шешетінін атап өтті.

Дегенмен бірнеше ай бұрын ХОК Бразилияда бірқатар олимпиадалық нысандар салу әлі басталмағанын, ал Рио-де-Жанейроның дайындығы 10 пайыз ғана құрайтынын мәлімдеген болатын. ХОК вице-президенті Джон Коутстың айтуынша, спорт нысандарын беру мерзімі бекітілген кестеден өте кейін қалып келеді.

ХОК құрылыс қарқынын бұдан бұрын да сынға алған болатын - 2013 жылы ол бұл жайында алаңдаушылығын да білдірді. ХОК-тің арнайы баяндамасында әзлрлік жұмыстарын қаржыландыру үлкен іркілістермен жүзеге асырылып отырғаны айтылған. Сондай-ақ баяндамада қаржының жетіспеушілігі, демеушілердің жоқтығы және қонақ үй нөмірлерінің жетіспеуі жөнінде де айтылған. Спорттық нысандар құрылысында жұмысшылардың ереуілі де болды. Айталық, 5 сәуірде 2 мың адам барлық жұмыстарды екі күн бойы тоқтатты. Бразилиядағы жазғы Олимпиадалық ойындар 2016 жылғы 5-21 тамыз аралығында өтуі тиіс. Бұл ойындар Оңтүстік Америка тарихындағы алғашқы болмақ. Рио-де-Жанейро ойындарды өткізу құқығын 2009 жылы ХОК-тің 121-сессиясындағы дауыс беру кезінде жеңіп алды. Бразилиялық қалаға Мадрид, Токио және Чикаго бәсекелес болған еді.