ХОК Қазақстанның Олимпиадаға даярлау тәжірибесін әлемдегі үздік үлгі деп таныды

АСТАНА.KAZINFORM - Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Олимпиада және жасөспірімдер Олимпиада ойындарына ұлттық құрамаларды даярлау тәжірибесін әлемдегі үздік тәжірибелердің (Best Practice) қатарына қосты, деп хабарлайды Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті.

Фото: ҚР ҰОК

ХОК Қазақстан ҰОК әзірлеген олимпиадалық құраманың мүшелерімен жасалатын Athlete and Team Official Agreements (ATOA) келісімдер жүйесін ерекше атап өтті. Бұл құжаттар Халықаралық Олимпиада комитеті бекітетін стандартты Conditions of Participation (CoP) қатысу шарттарын толықтырады. Стандартты CoP-тен айырмашылығы, Қазақстанда қолданылатын келісімдер ұлттық заңнама талаптарына бейімделіп, ұйымдастыру және тәжірибелік сипаттағы барлық маңызды мәселелерді толық қамтиды.

ХОК жоғары бағалаған негізгі жаңашылдықтардың бірі – Олимпиада делегациясының әр санатына арналған төрт бөлек келісімнің әзірленуі. Атап айтқанда, спортшыларға, жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне, БАҚ өкілдеріне, сондай-ақ, өзге де ресми тұлғаларға арналған жеке құжаттар дайындалған. Бұл келісімдердің әрқайсысында бірыңғай құрылым сақталып, барлық талап нақты жазылған. Құжаттарда мінез-құлық қағидалары, ХОК регламенттерін сақтау, қаржылық талаптар, жарыс кезінде жеке әлеуметтік желілерді пайдалану тәртібі, ресми спорттық киімді кию міндеті және туындауы мүмкін құқықтық дауларды шешу жолдары қамтылған.

ХОК сарапшылары құжаттарды әзірлеу барысында қолданылған пәнаралық тәсілге де ерекше назар аударды. Келісімдер Олимпиада ойындарында ұлттық делегацияны басқарған Chef de Mission жетекшілерінің тәжірибесіне сүйене отырып әзірленген. Сонымен қатар бұл жұмысқа Қазақстан ҰОК-нің спорт, халықаралық байланыстар, медиа, маркетинг және құқықтық қамтамасыз ету бағытындағы мамандары тікелей атсалысқан.

Халықаралық Олимпиада комитетінің бағалауынша, Қазақстан ҰОК тәжірибесі халықаралық стандарттар мен Олимпиадалық хартия қағидаларын ұлттық тәжірибеге тиімді енгізудің табысты үлгісі болды. Осыған байланысты ХОК қазақстандық үлгіні өзге ұлттық олимпиадалық комитеттерге де ұсынды. Бұл Қазақстанда қалыптасқан ұйымдастыру стандарттарының халықаралық деңгейде мойындалғанын айқын көрсетеді.

Осыған дейін ЦП-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына қатысатыны туралы жаздық.