Хоккей: 2021 жылғы әлем чемпионатының күнтізбесін жарияланды
Естеріңізге сала кетелік, дүбірлі дода 21 мамыр және 6 маусым аралығында Латвия астанасы - Рига қаласында өткізіледі.
Көп жылдық үзілістен кейін топ-дивизионға қайта оралған Қазақстан құрамасы В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия және Италия.
Бұл топтағы құрамалар Arena Riga спорт кешенінде шеберлік байқасады. Ол құрлықтық хоккей лигасында бақ сынап жүрген «Динамо» (Рига) командасының негізгі аренасы саналады.
Топтық кезеңдегі алғашқы ойынды қазақстандық хоккейшілер 22 мамырда Латвиямен бастайды. Одан кейін 23 мамырда Финляндия, 25 мамырда АҚШ, 26 мамырда Германиямен мұз айдынға шығады. Ал 28 және 29 мамыр күндері қазақстандықтарға Канада мен Италия қарсылас атанса, соңғы кездесу Норвегиямен 31 мамырда болады.
Ал А тобында Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Беларусь, Ұлыбритания және Ресей бар.
Айта кетелік, Қазақстан құрамасына қазір «Барыс» командасының бас бапкері Юрий Михайлис жетекшілік жасайды. Оның басшылығымен қазақстандық хоккейшілер 10 және 13 ақпан күндері елордада өтетін халықаралық турнирде әлем чемпионатына дайындығын пысықтайды. Турнир барысында Ресей және Беларусь құрамаларымен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, алғашқыда әлем чемпионаты Беларусь және Латвияда өткізіледі деп жоспарланған болатын. Кейіннен Беларусьтағы саяси ахуалдың тұрақсыздығына байланысты бұл ел мұндай мүмкіндіктен айырылып қалды.