Хоккей: А.Назаров Қазақстан құрамасын 4-ші маусымда да басқаруға ниетті
20:19, 08 Маусым 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Андрей Назаров Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының алдағы төртінші маусымында да бас бапкері болғысы келеді. Бүгін елордада өткен Қазақстан хоккей федерациясы атқарушы комитетінің қорытынды отырысы аясында ол осындай ойын білдірді.
«Төртінші маусымға да қаламын деген ойым бар. Мен кетуге жиналып отырған жоқпын. Сіздер алғашқы жылдан-ақ мені шығарып салғансыздар. Жүктелген міндет өте байыпты, оны орындау қажет», - деді А.Назаров БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айта кетейік, отырыс барысында Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин ұлттық құрама тізгінін А.Назаровқа тағы бір мәрте сеніп тапсыру ұсынысын жасап, оны Атқарушы комитеттің барлық мүшелері қолдаған болатын.
Тағы бір ескерерлігі, бұл Қазақстан құрамасын үшінші маусым қатарынан жаттықыру мүмкіншілігін алған алғашқы маман болып отыр.