НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы 2021 жылғы әлем чемпионатын өткізетін елдің бірі Беларусьті тізімнен шығарып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ұйымның сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, дүбірлі дода биыл Беларусь астанасы - Минск, Латвия астанасы - Рига қалаларында 21 мамыр және 6 маусым аралығында өткізілуі тиіс болатын. Әлемнің көптеген мемлекеттері мен демеушілер Беларусьтегі саяси жағдайдың тұрақсыз болуына байланысты оны тізімнен алып тастау жөнінде ұсыныс білдірген.
Осыған орай халықаралық шайбалы хоккей федерациясы нақты шешім қабылдады. Аталған ұйым әлем чемпионатының финалдық кезеңі Беларусьте өтпейтінін мәлімдеді. Ендігі кезекте Латвия дүбірлі доданы жалғыз өткізу жөнінде ниеті жасап отыр.
Естеріңізге сала кетелік, топ-дивизионда биыл Қазақстан құрамасы да бақ сынайды. Қазақстандық хоккейшілер В тобында Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Норвегия, Италия және Латвия құрамаларымен шеберлік байқасады. Ал А тобында Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Беларусь, Ұлыбритания және Ресей бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.