Хоккей: астаналық «Барыс» оңбай жеңілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасы аясында Мытищилік «Атланта» командасымен ойын өткізіп, қарсыласынан өз қақпасына 5 гол өткізіп алды.

Арена-Мытищи стадионында өткен кездесу 1:5 есебімен аяқталды.

Бірінші айналымда «Атланта» хоккейшілері астаналықтарға жауапсыз 3 гол салып кетті. Сергей Шмелев дубль авторы атанса, келесі бір голды Игорь Радулов салып кетті. Екінші жиырма минуттықта «Барыс» Найджел Доустың мергендігімен бір гол есе қайтарды. Дегенмен қазақстандық клуб әріге бара алмады. Керісінше үшінші айналымда мұз иелері «Барыс» қақпасына тағы екі шайба енгізді. Алдымен 44-минутта Евгений Артюхин көзге түссе, кейін Радулов ойында дубль авторы атанды.

Дегенмен, бұл жеңілісіне қарамастан, «Барыс» ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында екінші орында келеді. «Атланта» Батыс конференциясында тоғызыншы орынға көтерілді.