НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы аясында «Барыс» бүгін, 12 қаңтарда елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетерлігі, ресейлік клуб биыл турнирде жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Қазір турнир кестесінде көш басында тұр. Сондықтан «Барыс» үшін бүгінгі кездесу оңайға соқпайтыны белгілі еді.
Есепті алғашқы болып «Ак Барс» командасы ашты. Оны 13-минутта Кирилл Петров өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін қазақстандық команда сапынан Кирилл Панюков 15, 21-минуттарда мергендігімен көзге түсіп, «Барысты» алға шығарды. Ал ресейлік клуб сапынан Найджел Доус 22, Станислав Галиев 23, Патрис Кормье 41-минуттарда гол соғып кетті.
Кездесуде «Ак Барс» 4:2 есебімен басым түсті.
«Барыс» бұдан бұрын 8 қаңтарда Ресейде «Автомобилист» командасын тізе бүктірді.
Енді «Барыс» елордада 14 қаңтарда Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа), 17 қаңтарда «Амур» (Хабаровск) командаларын қабылдайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.