Ойын барысында қарсылас команда «Барысқа» бірде-бір шайба сала алмады. Бұл - астаналық клубтың қақпашысы Ари Ахоненнің алғашқы «шатауты», яғни бірде-бірде шайбаны қалт жібермеген матчы. Ал оның әріптесі - «Амурдың» қақпашысы Мику Ярвиненді «Барыстың» хоккейшілері сан соқтырып кетті. Қорытынды есеп - 8:0. Осы жолы Дастин Бойд, Талғат Жайлауов, Константин Пушкарев және Дмитрий Уппер нәтижелі ойын өрнегімен көзге түсті. Ал Найджел Доус хет-триктің, яғни үш бірдей шайбаның авторы атанды. Матч барысында Нұрсұлтан Белгібаев та мұзға шығып, өз өнерін көрсетті.
Айта кетейік, осымен төртінші мәрте өтіп жатқан додаға төрт команда қатысуда. Олар - астаналық «Барыс», «Югра» (Ханты-Мансийск), «Амур» (Хабаровск) және «Витязь» (Подольск). Былтыр осы жарыста ҚР Президент кубогын «СКА» (Санкт-Петербург) командасы олжалап кеткен балатын. Биылғы турнир тамыздың 13-іне дейін жалғасады.