АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Турнир кестесінде қатар келе жатқан командалар үшін әрбір кездесуде жеңіске жетудің маңызы артып тұр.
Бірінші кезеңде екі команданың да гол соғатын мүмкіндігі аз болған жоқ. Осындай сәттердің бірінде «Амур» хоккейшісі Сергей Дубакин 17-минутта қақпаны дәл көздеді.
Екінші кезеңде командалар есепті өзгертуге тырысты.
Десе де, екі команданың да қақпашылары жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Үшінші кезеңде де гол соғылған жоқ. Осылайша «Барыс» қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.
Еске салсақ, елордалық клуб 5 қаңтарда аталған командамен бірінші кездесуінде буллиттен 3:4 есебімен есе жіберген еді.
Енді «Барыс» алдағы ойындарын 8 және 9 қаңтар күндері «Адмирал» (Владивосток) командасына қарсы өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.