Хоккей: «Барыс» «Авангард» командасынан жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында қос команда гол соғу мүмкіндігін іздеді. Алғашқы болып ресейлік клуб сапынан Алексей Береглазов 3-минутта есеп ашты.

Екінші кезеңде «Авангард» хоккейшісі Иван Телегин 32-минутта есепті үстемелей түсті. Оған «Барыс» сапынан Антон Сагадеев 33, 38-минутта екі голмен жауап қайырды. Ал ресейлік Арсений Грицюк 39-минутта қайтадан «Авангардты» алға шығарды.

Ойынның 44-минутында ресейлік клубтан Алекс Бродхёрст қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.

Енді елордалық клуб алдағы ойынын 22 ақпанда Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» овертаймда «Куньлунь Ред Стар» командасынан басым түсті.