Шығыс конференциясында «Барыс» бірінші, «Авангард» төртінші орында келе жатқандықтан, бұл матчтың аса тартысты өтері белгілі еді. Он мыңнан астам көрермен тамашалаған кездесудің бірінші және екінші кезеңінде гол соғатындай қос команданың да көптеген мүмкіндіктері болғанымен, есеп ашылған жоқ. Оған қоса қақпашылар Хенрик Карлссон («Барыс») мен омбылық Олег Шилин де жақсы тұрды.
Кездесудің үшінші бөлігі айдын иелерінің сан басымдылығымен басталғанымен, «Барыс» бұл қолайлы сәтті де пайдалана алмады. Матч бітуге тоғыз минуттай уақыт қалғанда, айдын иелерінен Александр Липин тәртіп бұзып, айып орындығына отырды. Осыны қалт жібермеген «Авангардтың» қорғаушысы Максим Чудинов есеп ашты. Дегенмен намысқа тырысып, қарқынды күшейткен «Барыс» хоккейшілері ойын бітуге төрт минуттай уақыт қалғанда, таразы басын теңестірді. Талғат Жайлауов пен Максим Семеновтің пасын құр жібермеген қорғаушы Роман Старченко осы біріншіліктегі төртінші голын соқты. Бұдан кейін шабуыл сәтінде қарсыластың қақпасы алдында жалғыз қалған Талғат Жайлауов шайбаны дәл бағыттай алмады.
Осылайша, кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Овертаймда «Барыстың» бас бапкері Евгений Корешков қақпашыны айдындағы ойыншыға ауыстырып көрді. Осындай сәтте «Авангард» жеңіс голын соғып кете жаздады. Дегенмен овертайм да жеңімпазды анықтай алмай, кездесу буллит сериясына ұласты. Мұнда қонақтар мергендік танытып, 2 ұпайға ие болды. 10 қазан күні Омбыда «Барыс» «Авангардты» 4:3 есебімен тізе бүктірген еді. Осы жолы омбылықтар қарымта қайырды. Сөйтіп бұл бәсекеден кейін 58 ұпай жинаған Евгений Корешковтың шәкірттері ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында бұрынғыша бірінші орында келеді. Әйтсе де 56 ұпаймен екінші орында тұрған «Ақ Барыс» (Қазан) командасының «Барыстан» үш ойыны кем, сондықтан оның басып озуы әбден ықтимал.
Айта кетейік, «Барыс» алдағы бес бірдей кездесуін сырт айдында өткізеді. Соның ішінде 20 және 22 қараша күндері Новосібірде «Сибирь» командасымен екі мәрте ойнайды. 15 және 17 қыркүйек күндері астаналықтар өз айдынында дәл осы клубқа ойламаған жерден 1:3 және 0:4 есебімен есе жіберген болатын. Сондықтан бұл бәсекелердің оңайға соқпасы анық.