АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астананың «Барысы» өз айдынында Владивостоктың «Адмирал» командасын қабылдап, қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктірді.
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бесінші минутта айдын иелерінен Роман Савченко есеп ашқанымен, көп ұзамай қонақтар таразы басын теңестірді. Тіпті сосын 2:1 есебімен алға шықты. Содан кейін есеп 2:2, 3:3 болып қайта-қайта теңесті. Ойын соңына таман Константин Пушкарев қарсыласын алдап өтіп, шайбаны соққан кезде ол Вадим Краснослободцевке тиіп барып, «Адмиралдың» қақпасына еніп кетті.
Сөйтіп Андрей Назаровтың шәкірттері осымен бесінші рет қатарынан жеңіске жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).