Хоккей: «Барыс» бүгін «Атлантты» қабылдайды

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін «Барыс» өз алаңында «Атлант» (Мәскеу облысы) командасын қабылдайды. Бұл - Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы аясындағы астаналық хоккей клубының төртінші ойыны.

Бұған дейін «Барыс» үш ойынның екеуінде жеңіске жетсе, соңғы матчта чемпионаттың фавориті - «СКА» командасына жол беріп қойды. Қазір астаналық клубтың еншісінде 16 шайба және 6 ұпай бар. Ол жалпы турнирлік кестеде 10-шы орында тұр. Ал «Барыстың» бүгінгі қарсыласы - «Атлант» әзірше аутсайдерлердің қатарында. Бұл команда төрт ойында да жеңіліп, бір-ақ ұпайды олжалаған. Чемпионатқа қатысып жатқан 28 команданың тізімінде ол ең соңғы орында орналасты.

Айта кетейік, бүгінгі ойын Астана уақыты бойынша кешкі сағат 17:30-да басталады. Оны «Kazsport» телеарнасынан тікелей эфир арқылы көруге болады.