Хоккей: «Барыс» екінші кездесуінде «Адмиралдан» жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін Ресейде «Адмирал» (Владивосток) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8 қаңтарда екі команда арасында өткен алғашқы кездесуде «Барыс» 5:1 есебімен басым түскен еді.

Ресейлік команда сол кеткен есені қайтаруға тырысты. Ал елордалық клуб жеңісті жолды жалғастыруға тырысты.

Ойынның 5-минутында «Адмирал» хоккейшісі Павел Шен есеп ашты. Бұдан кейін екі команданың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Дегенмен таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде екі команда гол соғуға ұмтылды. Алайда хоккейшілер дәлдк көрсете алмай жатты. Ойынның 36-минутында ресейлік командадан Либор Шулак есепті үстемелей түссе, 38-минутта Дмитрий Сидляров басымдықты арттырды.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 0:3 есебімен есе жіберді.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 12 қаңтарда елордада Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасына қарсы өткізеді.


Фото: sports.kz