Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Олардың плей-офф кезеңіне шығуына мүмкіндігі зор. Сондықтан әрбір ойынның маңызы артып тұр.
Бүгінгі кездесуде ресейлік команда алдымен екі шайба соғып кетті. Ойынның 6-минутында Никита Трямкин есеп ашса, Георгий Белоусов «Автомобилист» басымдығын арттыра түсті.
Одан кейін «Барыс» сапынан Якоб Лилья 15, Фил Вароне 22-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Осылайша таразы басы теңесті.
Соңғы кезеңде 58-минутта ресейлік клуб сапынан Дмитрий Жукенов қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Енді «Барыс» қатарынан үш ойынды сырт айдында өткізеді. Елордалық хоккейшілер 3 және 7 ақпанда Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен кездессе, 5 ақпанда «Сибирь» (Новосібір) клубымен шеберлік байқасады.
Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» бұдан бұрын елордада «Cалават Юлаевқа» есе жіберді.