АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын астанада «Сибирь» (Новосибирск) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі команда бұған дейін 43 мәрте кездесті. Оның 20-сы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.
Бүгінгі кездесуде елордалық хоккейшілер алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Ойынның 3-минутында Джереми Бракко есеп ашса, Егор Петухов 16-минутта есепті үстемелей түсті.
Екінші кезеңде ресейлік хоккейшілер таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Нәтижесінде көптеген шабуыл ұйымдастырды. Соған қарамастан, таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Осылайша, «Барыс» қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді «Барыс» елордада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Авангардқа» есе жіберді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.