Хоккей: «Барыс» хоккей клубы «Салават Юлаевтан» басым түсті

АСТАНА. 2 қараша.ҚазАқпарат - Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы өз алаңында «Салават Юлаев» (Башқұртстан, Уфа) командасын жеңді.

Бұл ойында «Барыс» бірден екі шайбамен алға шықты. Бірінші кезеңде алғашқы шайбаны Найджел Доус салса, Брэндон Боченски есепті еселеді. Алайда екінші кезеңде таразы басы теңесті. Содан үшінші кезеңнің ортасына дейін өзгермеді. Ол уақыттың ішінде екі команда есеп айырмасын өз пайдасына шешуге тырысты. Бұл арпалыста «Барыстың» жолы болды. Б.Боченски тағы бір шайбаны соғып, дубльдың авторы атанды. Қорытынды есеп - 3:2.

Осы матчтан кейін «Барыс» хоккей клубы Шығыс конференциясында «Ақ Барсты» (Қазан) артқа тастап, бірінші орынға шықты. Ал Құрлықтық хоккей лигасының жалпытурнирлік кестесінде команда 52 ұпаймен екінші орынға орналасты.

Айта кетейік, «Барыстың» келесі ойыны 13 қараша күні өтеді. Оған дейін команда хоккейшілері демалады.