АСТАНА. ҚазАқпарат - «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесуді қазақстандық хоккейшілер сәтті бастады. Алдымен Линден Вей 3-минутта есеп ашса, Иван Мищенко 6-минутта есепті үстемелей түсті. Оған «Сибирь» хоккейшісі Никита Коротков 16-минутта бір голмен жауап берді.
Екінші кезеңде ресейлік Александр Шаров 32-минутта таразы басын теңестірді.
Үшінші кезеңде ресейлік командадан Вячеслав Основин 41-минутта «Сибирь» командасын алға шығарса, Тревор Мёрфи 45-минутта басымдықты арттырды. Ал 48-минутта «Барыс» хоккейшісі Дінмұхамед Қайыржан есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 3:4 есебімен есе жіберіп, қатарынан төртінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 29 қазанда Ресейдің «Салават Юлаев» командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұған дейін «Барыс» «Авангард» командасынан жеңіліп қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.