Хоккей:«Барыс» қазандық әріптестерімен сайысқа түседі
09:30, 22 Қаңтар 2011
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кеше кешқұрым Құрлықтық хоккей лигасы аясында Астанада өткен ойында «Барыс» Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасынан ұтылып қалды.
Сонымен ойынның алғашқы кезеңінде қос команда арасында шайба үшін тайталас болғанымен еш нәтиже шықпады. Бұл тартысты доданың тек екінші кезеңінің алтыншы минутінде ғана «Нефтехимиктің» хоккейшісі Максим Березин есеп ашты. Осы арада үш минут өткеннен кейін қарсылас команданың капитаны Андрей Иванов алға озып шығып, астаналық команданың қақпасына екінші шайбаны салды. Ал «Барыс» ойыншылары үшінші кезеңде ғана жалғыз шайбаны салу мүмкіндігін жүзеге асырды. Негізгі ойынның қорытындысы бойынша астаналықтар Нижнекамск хоккейшілерінен 1:2 есебімен жеңіліс тапты
«Барыс» командасының келесі ойыны 23 қаңтарда тегеурінді қарсылас саналатын қазандық «Ақ Барс» командасымен өтеді.