Хоккей: «Барыс» лига чемпионына бірде-бір шайба соға алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Құрлықтық xоккей лигасының ширек финалында астаналық 'Барыс' xоккей клубы сырт алаңда 'Металлург' командасымен кездесті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ойын астаналық клуб үшін сәтті басталған еді. "Барыстың" xоккейшілері алғашқы минуттарда сан басымдығына ие болып, бірнеше қауіпті шабуылды ұйымдастыра білді. Алайда, екі метрлік бойы бар Кошечкиннен айласын асыра алмады. Осыдан кейін бірде "Барыс", бірде "Металлург" ережені бұзып, сан басымдығы екі командаға кезек-кезек ауысып тұрды. Ал ойынның орта шенінде "Металлург" өз мүмкіндігін қалт жібермеді. Александр Семиннің соққан шайбасын қақпашымыз Хенри Карлсон шебер қайтара білді. Дегенмен, кейін серпілген шайбаны Оскар Осала бейсбол битасымен ұрғандай қақпаға тоғытты. Бірінші кезеңнің есебі - 1:0.

Екінші кезеңде "Барыс" қанша тырысқанмен таразы басын теңестіре алмады. Ал үшінші кезеңде "Металлург" бір емес, үш бірдей шайба соғып, өз басымдығын ұлғайтты. Қорытынды есеп - 4:0.

Айта кетейік, осы ойыннан кейін "Металлург" жалпы есеп бойынша 1:0 есебімен алға шығып отыр. Жартылай финаға шығу үшін қарсыласты төрт мәрте жеңу керек. Магнитогорск қаласының xоккей клубы өткен жылғы чемпионаттың жеңімпазы атанған болатын.