Хоккей: «Барыс» «Локомотивті» ұтты

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кеше, елордадағы «Қазақстан» спорт сарайында өткен додада «Барыс» хоккей командасы Ярославльдің «Локомотив» командасынан басым түсті.

Турнир кестесінде алда келе жатқан командалардың арасында тұрақтаған «Локомотив» ойынды қарқынды бастап, оқтын-оқтын шабуылдар жасаумен болды. Соның нәтижесінде қонақтар бесінші минутта есеп ашты. Осы тартысты доданың 49-минутында астаналық Е. Фадеев қарсыласынан алаңның ортасында шайбаны тартып алып, шабуылын сәтті іске асыру арқылы есепті теңестірді. Содан кейінгі уақыттарда «Локомотив» тағы бір шайба соқты. Өз кезегінде «Барыс» командасы ойынның аяқтаулына 6 секунд қалғанда есепті қайта теңестірді. Негізгі ойыннан кейінгі қосымша уақытта қос команда ойыншылары басымдықтарын көрсете алмады. Тек буллит сайысында «Барыс» командасының хоккейшілері жанкүйерін қуанта алды. Сөйтіп 3:2 есебімен астаналық хоккей командасы «Локомотивтен» басым түсті. Келесі ойын 19 қарашада өтеді. Онда «Барыс» Мәскеу облысының «Атлант» командасымен тартысқа түседі.