АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынында Астананың «Барысы» Мәскеуде жергілікті «Динамомен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші кезеңнің соңғы минутында алдымен айдын иелері (Мэт Робинсон) есеп ашты. Екінші кезеңде есеп өзгерген жоқ. Үшінші, шешуші кезеңде «Барыс» хоккейшілері әбжілдік таныта білді. Әуелі Талғат Жайлауовтың пасынан кейін Вадим Краснослободцев таразы басын теңестірді. Бұдан кейін мәскеуліктер алға ұмтылды. Тіпті қорғанысты ұмытты десе де болады. Қарсы шабуыл кезінде 52-минутта Брэндон Боченскийдің пасынан кейін Найджел Доус қақпаны дәл көздеді. Матчтың соңғы минуттарында «Динамо» қақпашыны айдындағы ойыншыға алмастырғанымен, «Барыс» өз қақпасын голдан сақтай білді. Сөйтіп Евгений Корешковтың шәкірттері «Динамоны» өз айдынында тізе бүктіріп, маңызды жеңіске қол жеткізді.
Біріншілік барысында 24 кездесуден кейін 29 ұпай жинаған астаналықтар келесі ойынын 21 қазан күні Братиславада «Слован» командасымен өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).