Хоккей: «Барыс» мәскеулік «Динамодан» овертаймда жеңіліп қалды
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы минуттан шабуылға шығып, гол соғатын мүмкіндікті іздеді.
Ойынның 11-минутында елордалық клубтан Понтус Оберг мергендігімен көзге түссе, 15-минутта «Динамо» хоккейшісі Эрик О'Делл таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде командалар есепті өзгертуге бар күшін салды. Нәтижесінде 28-минутта барыстық Аркадий Шестаков көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Ойынның 50-минутында қазақстандық командадан Нельсон Ножье басымдықты арттыра түсті. Алайда ресейлік клубтан Джордан Уил 54 және 56-минуттарда екі гол соғып, есеп теңесті.
Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда ресейлік клубтың жолы болды - 3:4.
Айта кетсек, елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы бұдан бұрынғы төрт кездесуінде де қарсыластарына есе жіберді. Салдарынан турнир кестесінде 22-орында келеді.
Енді «Барыс» елордада 16 қыркүйекте Ресейдің «Адмирал», 18 қыркүйекте «Нефтехимик» командаларын қабылдайды.