Хоккей: «Барыс» мәскеулік «Динамоны» тізе бүктірді

None
АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін «Барыс» хоккей клубы өз алаңында мәскеулік «Динамоны» жеңді.
Бұл ойында төрешілердің мәскеулік командаға болысқаны барынша байқалды. Екінші кезеңде қарсыластар есепті бірінші болып ашса да, «Барыстың» хоккейшілері біраз арпалысып, таразы басын теңестіре білді. Алайда кезеңнің аяқталуына санаулы уақыт қалғанда, төрешілер болмашы жерде астаналық клубтың ойыншысына екі минуттық айып тақты. «Динамо» бір хоккейшіге артық ойнап, тағы бір шайбаны соғып кетті. Есеп - 2:1. Осымен екінші кезең де аяқталды. Үшінші кезеңнің басында төрешілер «Барыстың» екі бірдей ойыншысын мұз айдынынан аластатып, мәскеулік клубқа үшінші шайбаны салуға мүмкіндік берді. Есеп - 3:1. «Барыстың» еңсесі түсіп, сағы сынғандай болды. Алайда он минуттың ішінде астаналық клубтың хоккейшілері нағыз батылдық танытты. Роман Савченко есеп айырмасын қысқартса, команда капитаны Дмитрий Уппер таразы басын теңестірді. Сонымен ойынның негізгі уақыты да аяқталды. Қосымша уақытта жеңімпаз анықталған жоқ. Ал буллит сериясында «Барыс» бірден алға шықты. Қарсыластар да қалмай, есепті теңестіріп отырды. Бірақ Дастин Бойдтың дәл тигізген соққысынан кейін, қақпашымыз Виталий Еремеев қарсыластардың буллитін шебер қайтара білді. Соның арқасында «Барыс» бір шайбамен алға шығып, мәскеулік «Динамоны» 4:3 есебімен жеңді. Айта кетейік, осы матчтан кейін «Барыс» хоккей клубында 31 ұпай бар. Жалпы турнирлік кестеде команда үшінші орында келеді. «Динамо» болса, Астанадағы ойында қанағат тұтқан бір ұпайдың арқасында екінші орнын сақтап қалды. Дегенмен, астаналық клубтың бір ойынға кем ойнағанын ескерсек, мәскеулік клубтың алдын орап кетуге әлі талай мүмкіндік болады.