АСТАНА. ҚазАқпарат - «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық команда бұдан бұрын сегіз кездесудің жетеуінде жеңіліп, турнир кестесінде төменгі орындарға жайғасты. Сондықтан бүгінгі ойынды олар белсенді бастаған еді.
«Барыс» сапынан Нельсон Ножье 23, Джереми Бракко 28-минуттарда гол соқты.
Ал «Металлург» хоккейшілері Павел Акользин 31, Филипп Майе 35 -минуттарда мергендік танытып, таразы басын теңестірді.
Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Металлург» мергендік танытты.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына есе жіберді.
Енді «Барыс» 13 қарашада Ресейде «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Витязь» клубынан жеңіліп қалды.
Фото: sports.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.