09:14, 21 Қыркүйек 2013
Хоккей: «Барыс» өз алаңында «Автомобилистті» қабылдайды
АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ертең, 22 қыркүйек күні Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы өз алаңында «Автомобилист» (Екатеринбор) командасын қабылдайды.
Айта кетейік, соңғы ойында «Барыстың» хоккейшілері сырт алаңда «Югра» (Ханты-Мансийск) командасын 6:2 есебімен жеңіп, бүгінде 15 ұпаймен жалпы турнирлік кестеде үшінші орынға көтеріліп отыр. Астаналық клубтан тек «СКА» (Санкт-Петербор) және «Динамо» (Мәскеу) сияқты лиганың азулы командалары ғана жоғары тұр. Алайда қарсыластардың қақпасына соғылған шайбалардың саны жағынан қазақстандық клуб оқ бойы озық келеді. Оның еншісінде 33 шайба бар. Ал «Барыстың» ертеңгі қарсыласы - Екатеринбор қаласының «Автомобилист» командасы соңғы алты ойында үш рет жеңіске жетіп, 9 ұпаймен жалпы турнирлік кестеде 16-шы орынға жайғасты. Ол қарсыластардың қақпасына 14 шайба салып, өз қақпасына 16 шайбаны жіберіп алды. «Барыс» - «Автомобилист» ойыны Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында кешкі сағат 17:00-де басталады. Оны «KAZsport» телеарнасынан тікелей эфир арқылы көруге болады.