Хоккей: «Барыс» өз айдынында Нижний Новгородтың «Торпедосын» тізе бүктірді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында өз айдынында Нижний Новгородтың «Торпедо» командасын қабылдаған «Барыс» 5:2 есебімен жеңіске жетті.

Бірден айту керек, бұл ойын барысында астаналықтар бір ойыншының артықтығын сәтті пайдаланды. Мысалы, бірінші кезең аяқталуға 21 секунд қалғанда, Дастин Бойд есеп ашты. Содан кейін 25-минутта Майк Ландин сондай сәтті құр жіберген жоқ. Осы голдан соң айдындағы ойыншылар саны теңескенмен, 45 секунд өтер-өтпесте Константин Романов есепті 3:0-ге жеткізді. Дегенмен қонақтар да беріле қойған жоқ, екінші кезеңде-ақ Артем Аляев пен Максим Осипов мергендік танытып, есепті 3:2-ге дейін қысқартты. Үшінші кезеңде айдын иелері (Константин Пушкарев) тағы да бір ойыншының артықтығын пайдалана білді. Матчтың соңғы сәттерінде Дастин Бойд бос қалған қақпаға жекедара шығып, кездесудің нүктесін қойды.

Сөйтіп Андрей Назаровтың шәкірттері соңғы жеті ойындағы алтыншы жеңісіне қол жеткізді. Қазіргі кезде 51 кездесуден кейін 75 ұпай жинаған «Барыс» Шығыс конференциясында бұрынғыша жетінші орында келеді. Астаналықтардың плей-офф бәсекесіне шығудағы негізгі қарсыластары «Нефтехимик» (Нижнекамск) пен «Автомобилист» (Екатеринбург) 50 ойыннан соң сәйкесінше 72 және 71 ұпаймен сегізінші, тоғызыншы сатыларда тұр.

Әлі тоғыз ойыны қалған «Барыс» 19 қаңтар күні Астанада Батыс конференциясында 50 матчтан кейін 68 ұпаймен 10-ыншы орында келе жатқан Минскінің «Динамо» командасын қабылдайды.