НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» бүгін, 26 қаңтарда елордада Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Екеуінің де еншісінде 57 ұпайдан бар болатын. Сондықтан бүгін жеңіске жеткені турнир кестесіндегі жағдайын жақсартатын еді.
Есепті алғашқы болып «Трактор» командасы ашты. Ойынның 11-минутында ресейлік Алексей Бывалцев мергендігімен көзге түсті.
Екінші кезеңнің 32-минутында «Барыс» сапынан Егор Петухов таразы басын теңестірді. Одан кейін «Трактор» хоккейшілері Сергей Калинин 33, Виталий Кравцов 34-минутында қос голдың авторы атанды.
Ал үшінші кезеңде елордалық хоккейшілер алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде 51-минутта Валерий Орехов есеп айырмасын қысқартты.
Кездесуде елордалық клуб қарсыласына 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Енді «Барыс» елордада 28 қаңтарда Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасын қабылдайды.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» «Витязь» клубынан басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.