АСТАНА. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында ресейлік хоккейшілер белсенді қимыл көрсетті. Нәтижесінде бірінші кезеңде Денис Голубев 2, 17, Тревор Мёрфи 16, Владимир Бутузов 53-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Оған «Барыс» сапынан Никита Михайлис 29, Егор Петухов 39-минутта екі шайбамен жауап қайырды.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 24 ақпанда елордада Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» «Авангард» командасынан жеңіліп қалды.
Аталған ойыннан кейін Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты кезеңі мәресіне жетіп, плей-офф сатысы басталады. «Барыс» қазір турнир кестесінде 20-орынды місе тұтып, жарыстың аталған сатысына шығудан тыс қалды.
Фото: hcbarys.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.