Хоккей: «Барыс» сырт алаңда «Медвежчак» командасына жол беріп қойды

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы сырт алаңда «Медвежчак» (Хораватия, Загреб) командасына жол беріп қойды.

Бұл ойынға дейін Загреб қаласының хоккей клубы соңғы екі матчта «СКА» (4:3 (Б) мен «Юграны» (2:1) жеңген болатын. Осы жолы да оның Шығыс конференциясының фавориті - «Барыс» командасымен болатын ойынға әбден дайындалғаны байқалды. Мачтың бірінші кезеңінде «Медвежчак» бір шайбамен алға шықты. Ал екінші кезеңде есепті еселей түсті. Бірақ бір минут өтпей, «Барыс» таразы басын 1:2-ге дейін қысқартты. Екінші кезеңнің соңында астаналық клубтың хоккейшілері ережені жиі бұза бастады. Соның салдарынан оларға айып уақыты белгіленіп, екі хоккейшіге кем, яғни 3/5 форматында ойнауға тура келді. Қарсыластар ол мүмкіндікті қалт жібермеді, Үшінші кезеңнің басында бір хоккейшіге артық ойнап, «Барыстың» қақпасына тағы бір шайба салып кетті. Есеп - 1:3. Бес минуттың ішінде есеп өзгерді - 2:3. Осыдан кейін «Медвежчак» қорғанысқа көшіп, таразы басын ұстап қалуға тырысты. «Барыс» болса, шабуылдарын үдетіп, қарсыласына қырғидай тиді. Соңғы минуттарда қақпашыны алып тастап, бір хоккейшіге артық құрамда да ойнады. Сол кезде есепті теңестіру үшін тамаша мүмкіндіктер болды. Алайда оның барлығы іске аспады. Қорытынды есеп - 2:3.

Осылайша, «Барыс» қатарынан бес ойында жеңіске жетіп, алтыншы матчта қарсыласына жол беріп қойды. «Медвежчак» болса, кезекті үшінші матчта алғырлық танытып, лиганың айтуға тұрарлық тағы бір командасын ұтты. Соған қарамастан, «Барыс» Шығыс конференциясында көш бастап, чемпионаттың жалпы турнирлік кестесінде екінші орнын сақтап қалды.