АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) соңғы ойындарының бірін Астананың «Барысы» Бейжіңде «Куньлунь Ред Стар» командасымен өткізіп, 4:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бірінші кезеңде есеп ашылмаса, ойынның екінші бөлігінде команда капитаны Найджел Доус пен Дмитрий Шевченко мергендіктерімен көзге түсті.
Үшінші кезеңде де қарқынын төмендетпеген астаналықтардан Роман Савченко пен Дмитрий Гурков есепті 4:0-ге жеткізді.
Осылайша, 74 ұпаймен Шығыс конференциясында оныншы орынға ие болған астаналықтар плей-офф бәсекесінен сырт қалды. Қазіргі кезде Олимпиада ойындарына байланысты ҚХЛ-да үзіліс жарияланды. Биылғы маусымда «Барыстың» бір ғана ойыны қалды. 1 наурыз күні Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері елордада «Авангард» (Омбы) командасын қабылдайды. Бірақ бұл ойын ештеңені шешпейді. «Барыстағы» хоккейшілердің көпшілігі Қазақстан құрамасында ойнайтындықтан, ендігі міндет - сәуір айында Венгрия астанасы Будапеште өтетін бірінші дивизион командалары арасында өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалу. Онда қазақстандықтар элиталық топқа берілетін жолдаманы жеңіп алу үшін барын салатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).