Ойынды айдын иелері қарқынды бастап, Энвер Лисин есеп ашса, көп ұзамай Линус Умарк 2:0-ге жеткізді. Бір минуттан кейін астаналықтардан Дастин Бойд бір гол соққанымен, отыз секундтай уақыт өтпей жатып, «Салават Юлаевтан» Теему Хартикайнен есепті қайта ұлғайтты.
Ойынның екінші кезеңінде Майк Ландин мен Константин Пушкарев таразы басын теңестіргенімен, уфалықтар (Степан Крикунов) қайтадан алға шықты. Үшінші кезеңде Найджел Доус сан басымдылығын пайдаланып, есепті теңестіре алды. Алайда айдын иелері (Олег Сапрыкин) ойын бітуге минут жарым уақыт қалғанда жеңіс голын соғып кетті. Сөйтіп осыған дейін бес рет қатарынан ұтылған «Салават Юлаев» бөркін аспанға атса, «Барыс» маңызды үш ұпайын жоғалтты.
Қазіргі кезде Андрей Назаровтың шәкірттері 56 ойыннан кейін 80 ұпаймен Шығыс конференциясында сегізінші орында тұрғанымен, оны сақтап қалу қиынға түседі. Өйткені «Автомобилист» (Екатеринбург) командасы 81 ұпаймен қазірдің өзінде жетінші орында тұрса, әзірге тоғызыншы орындағы «Нефтехимиктің» «Барыспен» ұпайы тең. Осы турда Нижнекамскіде «Нефтехимик» «Автомобилисті» қабылдауда, демек, олардың ұпай қорын толықтыруға мүмкіндіктері бар.
Астаналықтар 3 ақпан күні Сочиде біріншіліктің азулы командаларының бірі «Сочи» хоккей клубымен айдынға шығады.
Еске сала кетейік, 18 ақпан күні мәреге жететін тұрақты чемпионатта «Барыстың» сырт айдында енді төрт ойыны қалды. Содан кейін Батыс пен Шығыс конференциясының әрқайсысынан үздік шыққан сегіз команда плей-офф бәсекелерін жалғастырады.