Хоккей: «Барыстың» бүгінгі қарсыласы - Магнитогордың «Металлургы»

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы өз алаңында «Металлург» (Ресей, Магнитогорск) командасын қабылдайды.

Жалпы, осы уақытқа дейін екі команда 17 рет кездесті. 11 ойында «Металлургтың» мерейі үстем болса, «Барыс» 6 мәрте жеңіске жеткен. Дегенмен, биылғы чемпионатта Астана қаласының хоккей клубы жоғары көрсеткіштерге жетіп, Құрлықтық хоккей лигасының жалпытурнирлік кестесінде бірнеше рет көш бастады. Қазірдің өзінде ол тек «Ақ Барс» (Қазан) командасына жол беріп, екінші орынды сақтап келеді. «Барыстың» еншісінде 46 ұпай бар. Ал оның бүгінгі қарсыласы - «Металлург» 35 ұпаймен 7-ші орында орналасты. Айта кетейік, Жоғары хоккей лигасында «Металлург» атты екі команда ойнайды. Біріншісі - Ресейдің Новокузнецк қаласының құрамасы. Жақында «Барыс» оны 5:3 есебімен ұтқан болатын. Екіншісі - Магнитогорск қаласының хоккей клубы. Оның құрамында Данис Зарипов, Ян Коварж, Сергей Мозякин сынды азулы хоккейшілер ойнайды. Бүгінде олар Құрлықтық хоккей лигасының үздік шабуылшылары мен мергендері санатына кіреді.