09:42, 08 Қыркүйек 2013
Хоккей: «Барыстың» бүгінгі қарсыласы - «Северсталь»
АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде Құрлықтық хоккей лигасының кезекті алтыншы чемпионаты аясында «Барыс» хоккей клубы «Северсталь» командасымен кездеседі.
Бүгінгі ойында «Барыс» әдеттегі құрамда өнер көрсететін болады. Алайда кейбір тұрмыстық жағдайларға байланысты бұл жолы шабуылшы Николай Антропов мұз айдынына шыға алмайды. Себебі оның бірқатар құжаттарын рәсімдеу керек, Оған қоса, таяуда Н.Антроповтың үшінші баласы дүниеге келді. Бұл қуанышты жағдай да оның Қазақстанға келу уақытын шегертті. Жалпы, «Барыс» командасы үшін бұл - алғашқы ойын. Ал «Северсталь» бұған дейін бір матч өткізіп, «Автомобилисттен» 2:1 (буллит) есебімен басым түскен болатын. Айта кеткен жөн, «Барыстың» бүгінгі ойыны кешкі сағат 17:00-де басталады. Оны «Қазспорт» арнасынан тікелей эфир арқылы көруге болады.