НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден қазақстандық «Барыс» командасының бұрынғы бас бапкері Андрей Скабелка Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) клубы тізгінін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ресейлік клубтың сайтына сілтеме жасап.
Андрей Скабелка «Барыс» клубы мен Қазақстан құрамасында 2018-2020 жылдарда қызмет атқарды. Екі жылда да плей-офф кезеңінің жартылай финалына дейін жетті. Ал шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы былтыр әлем чемпионатының бірінші дивизионында бірінші орын алып, биыл топ дивизионға жолдама алған еді.
Беларусь маманы бұдан өзге Ресейдің «Металлург» (Новокузнецк), «Торпедо» (Нижний Новгород), «Сібір» (Новосибирск), «Авангард» (Омбы), өз елінің «Гомель» және ұлттық құрама тізгінін ұстады.
Бұдан бұрын Андрей Скабелка «Барыстың» бас бапкері қызметінен кеткенін хабарлаған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.