ХОККЕЙ: Бас бапкерсіз қалған «Барыс» Омбыда жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) чемпионатында Астананың «Барысы» Омбыда жергілікті «Авангард» клубымен кездесіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті.

ҚХЛ телеарнасынан көрсеткеніндей, алдымен қонақтардан Евгений Рымарев есеп ашса, бірінші кезеңнің соңғы минутында айдын иелерінен Денис Куляш таразы басын теңестірді. Екінші кезең басталысымен Александр Пережогин «Авангардты» алға шығарды. Дегенмен 26-минутта «Барыстан» Найджел Доус, одан бір минут өтер-өтпесте Дастин Бойд мергендік танытты. Соңғы минутта басқа амалы қалмаған айдын иелері қақпашыны алтыншы ойыншыға ауыстырды. Міне, осы сәтте Найджел Доус бос қалған қақпаны дәл көздеп, есепті 4:2-ге жеткізді. Айта кетейік, осыған дейін «Барыс» төрт рет қатарынан жеңілген болатын. Сол себепті бас бапкер Ерлан Сағымбаев орнынан босатылған еді. «Авангардпен» ойынға «Барысты» бас бапкердің міндетін атқарушы Евгений Корешков бастап шықты.